Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келісімдерінің сәтті аяқталуынан отандық кәсіпкерлер үлкен үміт күтіп отыр. Елбасының осы орайда қазақстандықтарға арнаған Үндеуінен кейін өңірде өз ісін белсенді жүргізіп келе жатқан «Қасенов» шаруа қожалығының жетекшісі Досан ҚАСЕНОВТІ сөзге тартқан едік. Төр Алтайдың емге дәру шөбі жайқалған бөктерінде асыл тұқымды омарта шаруашылығын дамытып отырған отбасылық кәсіптің иесі ДСҰ-дағы басты талап – бәсекеге қабілетті болу екенін жеткізді.
– Досан Дәулетұлы, Катонқарағай ауданының балы еліміздегі танымал брендтердің бірі екені белгілі. Сіздің өңірдегі омарташылардың ортасынан ойып тұрып орын алған кәсіпкер екеніңізден хабардармыз. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енуі отандық омарташыларға қандай мүмкіндік береді деп ойлайсыз?
– Бұл ұлттық экономикада ұзақ жылдар бойы жүргізілген тиімді жұмыстардың, мемлекеттік реформалардың нәтижесі. Өйткені, біз ДСҰ-ға мүше болудан бұрын Еуразиялық экономикалық одаққа енген болатынбыз. Мұның бәрі әлемдік нарыққа шығу жолындағы дайындық іспетті болды. Әрине, ДСҰ – әлемдік нарық. Президент өз Үндеуінде еліміздің ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің басым бөлігімен сауда-әріптестік байланыстары бар екенін айтты. Сондықтан, бұл ұйымға біз белгілі деңгейде дайындықпен келдік. Алайда, оған мүше болудың өзіндік қиындықтары да бар. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті болу. Бұл орайда, омарташы ретінде Алтай балының Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде, қазіргі алыс-жақын шетелдерде белгілі бренд екенін айтқым келеді. Сондықтан, осы ұйым арқылы өз өнімдеріміздің әлемдік нарықтағы орнын қалыптастыруымызға болады. Жалпы, біздің асыл тұқымды ара шаруашылығымен айналысқанымызға сегіз жыл болды. Алғаш шаруашылықты бастағанда 25 ұя ғана арамыз бар еді. Бүгінде оның саны 300 ұядан асты. Орта орыс арасы тұқымын асыраймыз. Омартамыз аудан орталығы – Үлкен Нарын ауылынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл – шаруашылықты дамытуға өте қолайлы. Жылына 15 тоннадан астам бал өндіреміз. Сондай-ақ өзге омарташылардан 50 тоннадан астам балды сатып аламыз. Қазіргі кезде Өскемен қаласында, Павлодар облысының Екібастұз қаласында өнімдерімізді, яғни Алтайдың табиғи таза балын сататын нүктелерімізді аштық. Алдағы уақытта Қытайдың Үрімжі қаласынан да сауда орнымызды ашуды жоспарлап отырмыз.
– Үлкен Нарын ауылынан «Алтын ара» сауда белгісімен балды блистерлі орамамен орауға, ыдысқа құюға арналған цехты ашқаныңызға куә болдық. Бал өнімдерін сатудың заманауи технологиясы бәсекеге қабілетті болудың алғашқы қадамы болар?..
– Әрине. Өйткені, бұрынғы замандағыдай балды кез келген ыдысқа қотара салатын уақыт өтті. Оны түсінуіміз керек. Қаншалықты сапалы, таза өнім болса да, тұтынушының төлеген ақысына тұратындай сауда мәдениетін қалыптастыратын уақыт келді. Осы орайда, біздің омарташылар әулеті, әкеміз Дәулет, ағамыз Мұрат бар, барлығымыз бірігіп, аудан орталығынан балды ыдысқа құю цехын аштық. Жуырда оның жұмысымен облыс әкімі Даниал Ахметов те танысып, жоғары бағасын берді. Цехта балды құятын аппараттан өзге, өлшеуге арналған дозатор, қысым беретін компрессор, қыстыгүні балды ерітуге арналған термоұяшық және германдық қазандық орнатылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшалардағы бүлдіршіндерге арналған 10 грамдық, Қарулы Күштер қатарындағы жауынгерлерге арналған 20 грамдық ыдыстарға бал құйып шығарып жатырмыз. Күніне үлкен станок – 450 кило, кіші станок 350 кило балға блистерлі орама жасайды. 10 грамдық балдың этикеткасын арнайы құрылғыда жасайтындықтан, Мәскеуге тапсырыс беріп, дайындаттық. Бұл баршаға ыңғайлы. Соңғы бір жылда біраз тапсырыстар түсті. Қазір Катонқарағай ауданын балмен қамтып отырмыз.
«Алтын ара» сауда белгісіне арналған цех 6 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Айта кетерлік жайт, аудандағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген жобаның жалпы құны 55 млн. теңгені құрады. Оның ішінде «Даму» қоры арқылы мемлекеттен 18 млн. теңге бөлінсе, қалғаны жеке қаражатымыз. Мемлекет тарапынан берілген займ 7 пайыздық жеңілдікпен өтелетіндіктен, біз үшін өте тиімді. Жалпы, жылына 150 тонна балды ыдысқа құюға мүмкіндігіміз бар. Әзірге цехтың өзіндік қуатының 30 пайызын ғана пайдаланып отырмыз. 25 түрлі ыдысқа құйып сатамыз. Оның ішінде қонжық, аю, жүрек пішінді ыдыстар, ағаштан жасалған кіші бөшкелер және эксклюзивті сыйлық бағытында «Балқарағай балы» деп те шығарудамыз.
Жоспарымызда әртүрлі көлемдегі құмыра, ыдыс шығару цехын ашу бар. Сонымен бірге, омарташыларға арналған құрал-жабдықтарды сататын омарташылар дүкенін ашпақпыз. Бұл омарташылардың бір зат үшін облыс орталығына ағылмай, жұмысын алаңсыз істей беруіне қолайлы болады. Өзіміздің дүкендер желісін Қазақстанның барлық нүктелерінде ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бізден Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея және Жапония елдері жылына 120 тонна бал сатып алады. Сондықтан, ДСҰ Алтай балына деген сұранысты арттыра түседі деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.